Астанада тұрғын үй кезегінде тұрғандар қандай құжаттарын жаңартуы тиіс
Астанада тұрғын үй кезегінде тұрған жандарға арналған қажетті құжаттар тізімі жарияланды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Тұрғын үй орталығы жыл сайын кезек тізімдерін түгендеу және тұрғын үйді кезек тәртібімен беру мәселесін қарау аясында «Халықтың әлеуметтік осал топтары» және «Көпбалалы отбасылар» санаттары бойынша тұрғын үйге мұқтаждардың есебінде тұрған азаматтарға тізбеге сәйкес сұратылған құжаттарды ұсынуды сұрайды.ЭЦҚ кілті;өтініш берушіге және Қазақстан Республикасы бойынша отбасының барлық мүшесіне жылжымайтын мүліктің жоқтығы (бар болуы) туралы анықтама;балалардың туу туралы куәлігінің сканерленген нұсқасы / отбасы мүшелерінің жеке куәлігі (бар болса);неке қию/бұзу/әке болуды анықтау туралы куәліктің сканерленген нұсқасы/№4 нысан/қайтыс болу туралы куәлік (бар болса);үлесі, тұрғын жылжымайтын мүлкі, жатақханаларда бөлмелері болған кезде меншік құқығының туындағанын растайтын құжаттарды (сатып алу сату/ сыйға тарту/ айырбастау/ жекешелендіру /беру/ мұрагерлік құқығы туралы куәліктің көшірмесі және т. б.) ұсыну қажет;өтініш берушінің және кезекте тұрған отбасының құрамында көрсетілген отбасы мүшелерінің мүгедектігі туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы (бар болса).Құжаттар 2025 жылғы 14–30 сәуір аралығында birge.astana.kz порталы арқылы электронды түрде қабылданады.Қазақстан заңнамасына сәйкес әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтардың қамқоршылары құжаттарды Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының кеңсесіне жеке өзі келіп тапсыруы қажет.Айта кетерлігі, құжаттарды уақытылы тапсырмау немесе олардың болмауы кезек тізімінен шығуға әкеп соғуы мүмкін.